Бұл менің жеке жобам. Сүйікті және жаныма жақын. 2017 жылдан бастап Қазақстан үшін жаңа бағыт – кітапханаларды жаңғырту және қоғамдық кеңістіктер құрумен айналысамын. 2023 жылы ұжыммен бірге жобаның негізінде Қоғамдық қор құрдық.
Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 25-тен астам жоба жүзеге асырылды: Алматы қаласындағы 7 қалалық кітапхана, Қазақстандағы алғашқы шығармашылық хаб (Alatau Creative Hub, 2020) құрылды, жаңа Almaly кітапханасы, Алматы мектеп стадиондарын, қалалық колледждерді, қалалық әкімдік ғимаратының бір бөлігін жаңғырту, аутизм орталықтары және жастарға арналған қоғамдық орталықтар ашу жұмыс барысыныда.
Біздің жұмысымызды Мемлекет басшысы «Алматыдағы кітапханаларды жаңғырту тәжірибесі, баршаға үлгі» деп, атап өтті (бұл біз үшін мақтаныш және Қазақстанның барлық кітапханаларында осындай жаңғыртудың болғанын қалаймыз).
Қазіргі таңда TANA үшін маңызды мәселе – менің туған жерім Батыс Қазақстан облысында, ауылдық кітапханалар негізінде қоғамдық кеңістіктер құру. Біз мұны еліміздегі ең ірі Qazaqstan Halqyna қорымен, Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен, TIDAM байланыс агенттігімен, Жас көшбасшылар қауымдастығымен, «BATYR» қорымен және біздің басқа да көптеген достарымызбен бірге жүзеге асырып келеміз.